5 қазан күні Елордамыз Астанада білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай республикалық педагогтар съезі өтті
Ағымдағы жылдың 5 қазаны күні Елордамыз Астанада білім беру қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай республикалық педагогтар съезі өтті. Бұл мереке дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген болатын. Съезд аясында арнайы алаңдар ұйымдастырылып, үздік педагогтар озық және халықаралық тәжірибелерімен бөлісті. Съез жұмысында оқу құралдарының мазмұнын жетілдіру, педагогикалық ресурстың жоғары мәдениетін қамтамасыз ету және мектептерде әрбір балаға білім мен тәрбие беру үшін кедергісіз жағдай жасау мәселесі ерекше айтылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: "Ұстаз болу - қастерлі міндет. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты", - деді. Ұстаздар жүгі әрқашан да ауыр әрі әртүрлі жаңа ізденістерге толы екендігіне назар аудартты. Сондықтан да мемлекет ең алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында білім ұйымдарында және педагогтар өмірінде көптеген оң өзгерістер болып жатқаны біздерді қатты қуантады. 2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" Заң мұғалімнің төмендеп кеткен мәртебесін өсірді. Мұғалімге тиісті емес артық жұмыстың бәрін алып тастады. Соңғы 4 жылда жалақымыз 2 есе өсті. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне көп көңіл бөліне бастады. Президент сонымен қатар съезде міндетін адал атқарып келе жатқан ұстаздарға алғыс айтып, арнайы маратпаттар тапсырды. Мектеп пен педагогтар алдында тұрған маңызды мәселелер туралы айта келіп, мемлекет тарапынан әрқашан қолдауға ие болатынымызға сендірді. Біздер тек сабақ беруші ғана емес Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай " адамдықтың диқаншысы", ұлтты тәрбиелеуші, адалдық пен ұлылықтың символы екендігімізді ерекше аңғартып өтті.